Алматы қаласы Білім басқармасының
«М.Ломоносов атындағы №38 Қазақстан-Ресей гимназиясы»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі:
+7 (727) 247-56-66
Есепші бөлімі:
+7 (727) 302-17-31
Нашар көрушілер
нұсқасы
22
сәуір
2020

Қашықтан оқыту – заман талабы

 Білім беру орындарында қашықтан оқытуға, оның ішінде білімді бағалаудың барлық түрлерін қашықтан жүргізуге ауыстыру – әлемді жайлап келе жатқан коронавирус індетінің таралуын тежеу үшін қабылданған нақты қадамдардың бірі екені бәрімізге мәлім.
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетов айтқандай, әлемді, оның ішінде біздің елімізде де коронавирус індетінің қауіпі орын алған жағдайда қауіпсіздік шараларының бірі ретінде оқушыларға қашықтықтан сабақ беру шын мәнінде қажетті де маңызды шара. Осы ретте қашықтық оқытудың әдістері, проблемалары, нәтижелері мен болашағы туралы бағдарлар білім саласындағы әрбір маманды бей-жай қалдыра алмайды.
Алматы қаласы Бостандық ауданына қарасты білім беру бөлімінің басшысы Әбдіманапова Қарлығаш Ақанқызының тікелей басшылығымен әрі ұйымдастыруымен бұл бағытта ұтқыр шаралар іске асырылуда. Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыруға арналған технологиялық шешімдердің сан алуандығына қарамастан, мұғалімдер мен оқушылардың қашықтықтан оқыту форматын еш қиындықсыз игеруі үшін және оқыту нәтижелерін сапалық деңгейге көтеріп, дұрыс бағалау мақсатында мектеп директорларымен нақты жұмыс жүргізілуде.
Бұл орайда М.В.Ломоносов атындағы № 38 Қазақстан-Ресей гимназиясының директоры Досаева Гүлжан Досайқызының айтуы бойынша «педагог ұжымына ойластырылған бағдар беріліп, сандық технологияларды тиімді енгізуге директор орынбасарлары, жаңашыл ұстаздар және информатика мұғалімдері тарапынан әдістемелік көмек беріліп жатыр. Өйткені цифрлық бағдарларға көшу үрдістері ең алдымен адами факторға бағытталуы қажет: білім алушылардың қырларын ашатын мұғалімдерге деген қамқорлықтың маңызы зор, қайтарымы көп».
Төртінші тоқсанның басталмас бұрын гимназиядағы әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларындағы оқушыларға мектеп тарапынан уақытша қолдануға дербес компьютерлер берілді, оған қосымша флеш-карта, роутерлер таратылды.
Онлайн сабақ мұғалімдердің де, оқушылардың да жауапкершілігін арттырып, білім беру талаптарын күшейтетіні сөзсіз. Шәкірттер қашықтық сабақ барысында бекітілген кесте бойынша оқуды жалғастырып жатыр, айырмашылығы – сабақтар қашықтық немесе онлайн режимде жүргізіледі.
Біздің білім ордамызда мұғалім мен оқушы арасындағы байланыс ретінде негізінен Күнделік.кз., Bilimland платформалары және кері байланыс ретінде Whats App мессенджері де қолданылады. Сынып жетекшісімен оқушылар қашықтықтан Microsoft Teams, Classroom, Zoom платформалары арқылы онлайн режимде жүздеседі.
Оқушылардың мүмкіндіктерін ескере отырып, осы платформалардан мұғалімдер кідіріссіз онлайн оқыту режимінде сабақ беріп жатыр. 10-15 минуттық сабақ барысында олар жаңа тақырыпты тыңдап, талқылайды, практикалық тапсырмаларды орындайды, пікір алмасып, жауап береді, жазбаша жұмыстарын жібереді. Мұндай формат сабақ сапасын да жоғары деңгейге көтереді, өйткені әрбір сабақтың үдерісі шәкірттің де, мұғалімнің де жауапкершілігін арттырады. Қашықтықтан оқыту бастапқы кезеңінде мұғалімдердің жүктемесін айтарлықтай өсірді. Сандық оқу контентін дайындау, білім алушылардың жетістіктерін қадағалау, оқушылармен тұрақты коллаборация жасау, сандық және кәсіби дағдыларды жетілдіру – сабақ берудегі негізгі бағдарлар болмақ. Бұл бағытта мұғалімнің рөлі мен қызметіне, кәсіби шеберлігіне талаптар күшейді. Олар оқытудың жаңа әдістемесін дайындап қана қоймай, «қашықтықтағы» сыныпты біліктілігімен, іскерлігімен, шешендік өнерімен баурай білуі тиіс. Бүгінгі күні сынып жетекшілер бекітілген сыныпты қашықтықтан және онлайн-режимде басқарып, оқушылардың ата-аналарымен тығыз байланыста. Әр әдістемелік бірлестік мұғалімдері өз ұйымдастыру шеберлігін көрсетіп, сабаққа қызықты, мазмұнды тапсырмалар дайындап, оқушылардың білімін объективті бағалап, алған бағаларын қойып, кері байланысты уақытында беріп отыруға тырысып жатыр. Бұның бәрі мұғалімге үлкен жауапкершілік жүктейтін міндеттемелер.
Мұғалімдер оқу тапсырмалары мен оларға сілтемелерді алдын ала дайындап қояды. Ал, бейне контенттер оқушылар үшін қолжетімді. Teams, Zoom және т. б. бағдарламалары арқылы тақырып зерделенеді, сол арқылы сыныппен «жанды» қарым-қатынас, байланыс орнатылады. Бұдан басқа нұсқаларда оқушы пән бойынша мәтіндерді оқулықтан оқып, оффлайн орындайтын практикалық тапсырмаларды жұмыс дәптеріне жазып, фотосын мұғалімге жібереді немесе онлайн-сабақ барысында тікелей жауап береді. Мектеп әкімшілігі мен педагог ұжымының жиналыстары да онлайн форматта апта сайын жүргізіліп тұрады.
Жалпы, бүгінгі күні қолда бар қашықтықтан және онлайн-оқыту жүйелері мұғалім мен оқушылар арасында тығыз байланыс орнықтыруға мүмкіндік береді, әрі нақты білім беру үрдісін қамтамасыз етеді.

Көксеген Жамал Қабиолдақызы
М.В.Ломоносов атындағы № 38 Қазақстан-Ресей гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, оқу ісі жөніндегі директор орынбасары