Алматы қаласы Білім басқармасының
«М.Ломоносов атындағы №38 Қазақстан-Ресей гимназиясы»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі:
+7 (727) 247-56-66
Есепші бөлімі:
+7 (727) 302-17-31
Нашар көрушілер
нұсқасы
» Қашықтықтан оқыту – оқу үдерісін ұйымдастырудың жаңа формасы.
27
сәуір
2020

Қашықтықтан оқыту – оқу үдерісін ұйымдастырудың жаңа формасы.

Алматы қаласы, Бостандық ауданы
М.В.Ломоносов атындағы №38 Қазақстан –Ресей гимназиясының қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі
Бекетова Айжан Бекетқызы

Әлемде күн сайын түрлі өзгерістер болып, жаңалықтар ашылып, күнделікті жаңа жобалар іске асырылуда. Бұл өмірдің бізге дайындаған әр түрлі сыйы артып тұрғандықтан, әр күнге жаңаша көзқараспен қарауға дайын болу керек. Әлем бойынша короновирус инфекциясының таралуы адамзат үшін күтпеген жаңалық болғандықтан, бүкіл әлемді дүр сілкіндіргені рас.
Республика деңгейінде білім беру саласында короновирус инфекциясының алдын алу шараларының бірі - білім алушыларды қашықтықтан оқытуға көшуі. Осы орайда, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, аз ғана уақыт ішінде жедел түрде жұмыс тобы құрылып, мамандар жаңа форматтағы білім жүйесінің моделін жасады.
Бүгінгі әлем дамуының жаңа ұстанымы - білім беру жүйесінен күн сайынғы экономикалық, әлеуметтік және мәдени өзгерістерге барынша бейімделуді талап етеді. Білім беру - ел болашағы үшін жасалатын қадам болғандықтан, аса жауапты іс. Осы індетпен байланысты қай мемлекетте болмасын, білім беру саласына үлкен жүк артылды. Осыған орай, дәл осы жағдайда сапалы, нәтижелі білім беру үдерісін ұйымдастыру - басты міндет. Ал ақпараттанған ғасырда озық технологияның үздік жетістіктерін пайдалану – дамыған елдің шешімі. Қашықтықтан оқытуға байланысты көптеген сауалдар туындауда, дегенменде , қазіргі заманғы технологиялар оқу үдерісінің барлық кезеңдерін қашықтық форматына көшіруге мүмкіндік береді. Сапалы, терең білімді меңгеруге талпынған өскелең ұрпақтың жеткілікті дәрежеде сандық сауаттылығы бар, себебі, олар жаңа технологиялардың барлық мүмкіндіктерін пайдалана алады.
Қашықтықтан оқытуға байланысты проблемалар да аз емес, мәселені шешу 4 бағыт бойынша жүзеге асуда. Бірінші бағыт-теледидар арқылы тиісті сабақ беру. Екінші бағыт-радио (Қазрадио) толқынында күнделікті сабақтар жүргізілуде. Үшінші бағыт-почта арқылы жүргізілетін жұмыс. Төртінші бағыт-интернет желісі арқылы жүзеге асуда.
Қашықтықтан оқытудың мақсаты – оқушыларға өзгеріп жатқан әлеуметтік-экономикалық жағдайға тиімді бейімделуге және заманауи қоғамға табысты түрде кірігуге мүмкіндік беретін әмбебап білім беру элементін ұсыну. Оқытудың бұл түрі алдыңғы қатарлы ақпараттық технологияларға негізделеді, оларды қолдану білім алушының өзгеріп отыратын қажеттіліктеріне тез және икемді бейімделуді қамтамасыз етеді.
Қашықтықтан оқытудың басты ерекшелігі – барлық пәндерді оқу және мұғаліммен қарым – қатынас интернет және электронды хаттар алмасу арқылы жүзеге асырылады.
Қашықтықтан білім алу арқылы оқушы:
-оқу уақытын өзі анықтайды,
-материалды меңгеру ретін өзі таңдайды;
Оқушының міндеті:
-жоспарланған білім алу үдерісінде нәтижеге жету;
-білім беру бағдарламасына сәйкес берілген материалды меңгеру;
Мұғалімнің міндеті:
-қашықтықтан білім беру технологияларын қолдану арқылы білім беру үдерісін ұйымдастыру;
-білім алушының қорытынды бағалау жүйесін әзірлеу және бағалау;
-кеңес беру арқылы қолдау көрсету;
Қашықтықтан оқытудың маңызды аспектісі - оқу үдерісіне қатысушылар арасындағы байланысты сақтау. Байланысты сақтау үшін қазіргі заманғы телекомуникациялық технологиялар қолданылады.
Ең бастысы, біздің ұстаздарымыз барлық қолжетімді платформаларды тиімді қолдану арқылы жұмыс істеуде. М.В.Ломоносов атындағы №38 Қазақстан-Ресей гимназиясының ұжымы гимназия директоры – Досаева Гүлжан Досайқызының басшылығымен және ұжымды дұрыс бағыттай білуінің арқасында білім алушыларға толықтай барлық жағдай жасалып, көптеген игі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ директор орынбасарлары мен жаңашыл ұстаздар тарапынан сандық технологияларды тиімді енгізуге, қашықтықтан оқытуды дұрыс ұйымдастыра білу бойынша толық ақпарат беріліп, гимназия ұстаздары бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс жасап, компьютерлік техниканы ұтымды пайдаланып, үздіксіз тәжірибе алмасуда. Гимназия директорының дер кезінде қабылдаған ұтымды шешімдері арқылы туындаған мәселелер оңтайлы шешімін табуда. Атап айтар болсақ, компьютерлердің жетіспеушілігі, жиналыстарда ата-аналарға жүйеге қалай қосылу керектігі, білім алушылардың оқуын ұйымдастыру мәселесі, флэш карталар мен роутерлердің үлестірілу мәселесі, сондай-ақ, қашықтықтан оқытуға қатысты әртүрлі деңгейдегі сұрақтарға дер кезінде ұтымды жауаптар қайтарылуда. Гимназия мұғалімдері оқушылар мен ата-аналарға арнап бейнесабақтар, форумдар, конференциялар, вебинарлар өткізуде. Сондай-ақ, қашықтықта оқыту үшін материалды әзірлеудің ең тиімді түрі болып табылатын оқу ақпаратының мультимедиалық көрсетілімі, себебі, мультимедиалық элементтер материалды жақсы қабылдауға және есте сақтауға мүмкіндік береді. Осы арқылы білім алудың санадан тыс реакцияларын іске қосу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Мұғалім мен оқушы арасындағы жұргізіліп жатқан сабақтар «Күнделік.кз.», «Bilimland», «Classroom», «Zoom», «Skype», «Whats App» арқылы іске асырылуда. Күнделікті мұғалім мен ата-ана арасында оқушының білім деңгейі, тапсырмалардың орындалуы бойынша кері байланыс орнатылып отыр.
«Ұстаздық-ұлы іс» деп кемеңгер жазушымыз М.Әуезов айтқандай, бұл атқа лайық болу үлкен абырой, басты борыш деп есептеймін. Мұғалім мамандық болса, ұстаздық қасиет. Бойыңа қуат, жүрегіңе жылу, жігер беріп өрге сүйрейтін де, жаныңа азық, өміріңе өзек боп төрге сүйрейтін де осы ұстаздық қасиет.
«Ұстаз... жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» деген Әл-Фарабидің сөзі дәл бүгінгі індеттің алдын-алу шараларын жүзеге асыруда қашықтықтан оқытуды оңтайлы ұйымдастыруға атсалып жүрген аяулы да ардақты ұстаздарымызға арналған деп білемін.
М.В.Ломоносов атындағы №38 Қазақстан-Ресей гимназиясы ұстаздары
Әрқашан да біргеміз,
Ажырамас іргеміз.
Ту ғып ұстап бірлікті,
Тату-тәтті жүреміз! -, деген ұранды басшылыққа алып, оқушыларды білім нәрімен сусындатуда!